Қазақстанның басты проблемасы
Қазақстанның басты проблемасы - коррупция. Коррупцияны толық жою мүмкін емес, бірақ оны айтарлықтай азайтуға болады. Статистика, рейтиң үшін емес, өзіміз үшін. Тек сол кезде ғана біртіндеп баға да, өмір сүру деңгейі де, адамдар арасындағы қарым-қатынас та жақсара бастайды. Әрине бұл бірден болмайды.
Терең тамыр жайған коррупциядан ес жию үшін көп жыл қажет. Ол күн келгенде адамдар шынымен әділетті полиция қызметкерлерін көреді, сосын прокурорды, сосын сотты. Қабылданған заңдар да ХАЛЫҚҚА керек екенін байқай бастаймыз. Сосын адамдар сайлауға мән бере бастайды. Елдің журналистикасына сөз бостандығы қайта оралады (ондай кез болып па еді өзі?). Мәдениет өркендейді. Алдымен отандық фильмдер түрлі жарыстардың шортлистіне ілініп жүреді, сосын Оскар алады. Грэмми деген жай әншейін сән болып қалады. Әлемдік университеттер өздері еліміздің универлерімен серіктестік орнатады. FAANG елімізде тек офис ашып қана қоймай, инфрақұрылымын да құрады, еліміз Орталық Азияның high tech-хабына айналады. Елден кеткендер бар жиған тәжірибесімен елге өздері оралады. Ауылда тұру престиж, өйткені таза ауа, табиғат, бәрі дерлік эко. Елдің барлық аймағында шапшаң интернет. Волонтер болу баға алу үшін қадам емес, әдет. Әр азаматқа 250 сағат тегін терапия. Халықтың денсаулығы жақсы болса да, елімізде медицина дамып жатыр, өйткені елімізге басқа елдерден адамдар келіп емделеді. Алғашқы Нобель сыйлығы. Әскер, полиция, мемлекеттік қызметкер, мұғалім, медик елдің ең сыйлы мамандары. Президент бірнеше жылға ғана жалданған адам екенін түсінеді. Ендігі срок туралы ойы да жоқ. Партиялар көп. Қалаулымның орнына парламент отырысын көреміз.
Ал енді осындай керемет көрініске коррупцияны қосыңыз - Қазақстанның қазіргі жағдайын аласыз. Біздің елді шірітіп отырған бір құмалақ - осы коррупция. Қай проблеманы алсаң да - түбіне үңілсең, бәрібір коррупцияға барып тіреледі.
Бұл постқа түртпек болған - «халыққа бірдеңенің мәдениетін үйрету керек» деген жаңалық. Қай жерден кезіккені белгісіз. Коррупция азайса, экономика дамиды, халықта ақша пайда болады, тоқшылық жерде мәдениет өзі-ақ пайда болады.
Бұл жазба 2025 жылы 27 желтоқсанда жарияланған.