Елдар Құдайбергенов фото

Елдар Құдайберген

Қазақ тіліндегі жеке блог

2025 жыл

Қаңтар

2025-01-01

01, Сәрсенбі. Жобаларымды жаңа ноутқа көшіріп бастадым. Қазір жаңа үй іздеп жатырмыз.

2025-01-18

18, Сенбі. Жаңа үй таптық. West Hollywood.

2025-01-21

21, Сейсенбі. Аудиоблогыма жаңа эпизод жарияладым: 124-ші эпизод: ауылға аудио-хат.

2025-01-26

26, Жексенбі. Калифорниялық жүргізуші куәлігін алдым.

Жеке ментормен жаңа жұмысқа дайындықты бастадым. Бүгін екінші кездесу болды. Кездесудің жартысы орыс тілінде, жартысы ағылшын тілінде болды. Үш күннен кейін ендігі кездесу болады. Ақысын болашақ жалақымнан төлейтін болдым.

Тағы бір жаңа үй таптық: Orsini I. Көруге барғанда бірден ұнаттық. Кең, іші жарық пәтер екен. Ең бастысы Айғанымды апарымыз деп жүрген бақшаға жақын.

Лос Анжелесте жаңбырлы кезең басталған сияқты.

2025-01-30

30, Бейсенбі. Кеше Айғанымды дәрігерге көрсеттік. Бәрі дұрыс. Кетекті вакциналарын алды. Енді ертең тағы бір қараламызда, әлгі бақшаға құжаттарды тапсырамыз. Сөйтіп бұйырса жақын арады қызымыз американың оқу жүйесіне қосылады. Әзірге түсінгенім алдымен балаға жағдай жасау керек екен, ал жұмыс табылады (не ол жұмысқа көлікпен жетіп алуға болады). Бұрын мен жұмысты бірінші орынға қойған едім.

Жеке Doordash аккаунт ашып, жұмыс істеп жатырмын. Кеше $77 таптым.

Appliance repair бойынша Yelp-тағы жарнаманы тоқтатып (қымбаттау, жоспарлап барып жаңартамын), Google-ға жарнама беріп бастадым. Нәтижесін көреміз.

Ментормен жұмыс жақсы жүріп жатыр. Бүгін үшінші кездесу болды. Анық мақсат бар + Жұмыс істеліп жатыр = Нәтиже болады.

2025-01-31

31, Жұма. Google-дағы жарнаманы да тоқтаттым. Ыңғайы келсе кейін жалғастырамын.

Бүгін жаңа пәтердің ақшасын төлеп, қолдан жазылған құжатқа қол қойып, кілтін алдық. Үй бізге өте ұнап тұр. Әсіресе Айғанымға. Біз жалға берушімен сөйлесіп болғанше сол жерде ойнап, ойнақтап, балканға шығып далада ойнап жүрген құрдасымен танысып та үлгерді. Ең басында-ақ баланың қажеттіліктерін бірінші орынға қою керек екен.

Ақпан

2025-02-10

10, Дүйсенбі. Бүгін Розаның туған күні ❤️

2025-02-11

11, Бейсенбі. Өткен аптада алдында тоқтаған жарнамаға қатысты Google-дан хабарласып мән-жайды сұрады. Мәселенің мән жайын түсінген соң маған көмектерін ұсынды. Тегін. Бүгін жұмысты бастадық. Ойлашы, Карл, жарнамамды Google-дың өзі жасасып жатыр!

Жарнамам жарияланды. Енді нәтижесін күтейік.

2025-02-16

16, Жексенбі. Бүгін Санта Моника пляжында болдық. Жағажайдағы ауа, вайыб – керемет!

Тынық мұхитымен қуаласпақ ойнап жүрген Айғаным.

Кешке таман in-n-out-қа кіріп тамақтандық. Кейін Айғаным бір "жылтыр жапсырғыны" сұрап қоймаған соң Даунтаундағы Target-ке кірдік. Негізгі іздеген затты таппадық. Оның орныны басқа бір жылтыраған бояу алдық. Тағы ойыншықтарды таңдап жүргенде көзіме "Bluey Digital Camera for Kids" деген түсті. Мамасымен талқыладық та Айғанымның алғашқы фото-видеокамерасын алып бердік. Баланың қуанышында шек жоқ. Фотоларын сақтап қою керек.

2025-02-18

18, Сейсенбі. Бүгін Los Angeles Public Library-ге тіркеліп, картасын алдық (LAPL).

2025-02-21

21, Жұма. Бүгін Даунтаунның әдемі бір көшесінде бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрдым. Алдымда бір-екі көлік. Ауа ерекше таза, ағаштардың жапырақтары қою жасыл, Күн сәулесі өткір. Өте әдемі сәт.

Осы сәтте бұрын-соңды келмеген ой санамды шарпып өтті: осымен болды ма сонда? деп ойладым. Әлемнің алпауыт елінде, ең ірі қалаларының бірінде өмір сүріп жатырмын. Ендігі қадам қандай? Енді тек қалыпты өмір сүре беру ғана қалды ма? Әлде бұл басқа бір кезеңнің бастауы ма?

Ойымды бағдаршамның жасылы бұзды.

Бүгін жақсы жұмыс күні болды – шамамен $150 таптым. Жұмыстан кейін, түнде Ютубтан "Man on the Moon" деген киноны ағылшын тілінде көрдім. Өте ұнады. Жим Керридің мұндай рөлін білмеппін. Қайта көруге де тұрарлық фильм екен.

Кітапханаға тапсырыс берген екі кітаптың біреуі дайын. Ертең Айғанымды сонда апарамыз, сол кезде кітапты да алып кетемін.

Жұмыс істеп жүріп, Podcasting 2.0 подкастының екі эпизодын тыңдадым. Айтылған әңгіменің 90-95%-ын түсіндім – ұнады.

Қазір таңғы бес. Ерте ұйықтау – өз алдына бір мәселе.

2025-02-23

23, Жексенбі. Кеше "The Office" сериалы түсірілген орынның біз тұрып жатқан жерден небәрі 15 миль қашықтықта екенін білдім. Енді бір барып көру керек.

Кеше жалпы демалыс күні болды. Кешке азық-түлік алып, Холлиудтағы сириялық донерден дәм таттық.

Бүгін мен жұмысқа шығамын, ал Роза мен Айғаным кітапханаға барады.

Ертең Instacart-пен жұмыс істеп көрем. Кейбір пысықтар аптасына $2000 жасайды-мыс...

Ақпан айының нәтижелері:. - Google-дағы жарнаманы қайта өшірдім; хабарласқан адамдар тек жарнама, спам немесе мен айналыспайтын нәрселерді сұрап жатыр.

  • Айғаным ойнап жүріп камерасына түсірген барлық суреттерді өшіріп тастапты. Ок, әлі де түсіріп жүр.
  • LAPL-дың пайдасы молынан болып жатыр: тегін дүниесі телегей теңіз. Қызықсаңыз сайттарына кіріп зерттеп көріңіз.
  • Ұйқы мәселесі түбегейлі шешіліп жатыр: кешке неғұрлым ерте жатуға тырысып жүрміз. Алдыңғы күндері 10 сағатқа дейін ұйықтадық.
  • Instacart-пен жұмыс жалғаспады, әзірге Doordash ыңғайлылау.

Наурыз

2025-03-01

01, Cенбі. Ертеңгісін тестілеу бойынша сабағымды оқуға офиске келдім. Менторым тапсырмалар берді, соларды орындап жатырмын. Үзіліс кезінде Қазақстанға видеоқоңырау шалдым – дерлік бәрі ауыз бекітіп жатыр екен. Қабыл болсын деп тілек айттым.

Видеомен сөйлесіп, офистің сыртын көрсетіп жүргенде, ағаштардың арасынан Қара ағаш тауып алдым. Қуанып қалдым.

Айтпақшы, мен осы жерге жазбаған бір маңызды нәрсе бар: шамамен екі ай бұрын Калифорниялық жүргізуші куәлігін алдым! Теориялық тесттен де, жүргізуден де бір рет құлап, қайта дайындалып, ақыры бәрінен сәтті өттім.

Енді банктен жаңа мекенжайым көрсетілген 2-3 "bank statement" алуым керек:

  1. Куәлігіме қазір мен тұрып жатқан, actual мекенжай жазылады.
  2. Жай Driver License-тің орнына Real ID аламын.

Айына $450 тұратын 2007-ші жылғы Приусым. Downtown, LA. 2025 жыл.

Осы жерге келгелі (5 ай) айдап жүрген көлікті де ауыстырмақшымын.

Мәселе мынада: көліктің иесі оған ақша құюға ниетті жоқ, ал жөндеу жұмыстарын жасау қажет. Сондықтан, оған "не бұл көлікті маған сат, не мен басқа адамнан жалға аламын" деген ұсыныс айттым. Ол өз кезегінде, осы көліктің орнына бұдан жаңалау Prius-ты дәл осы бағамен алуды ұсынды.

Бұл шешім маған ұтымды көрінеді. Бұйырса, келер аптада Сан-Диегодан жаңа көлікті алып келетін шығармын.

Әзірге көлікті жалға алған дұрыс болып тұр. Тұрақты жұмыс тауып, баланы preschool-ден кәдімгі мектепке орналастырғаннан кейін барып, өз көлігімді аламын деп жоспарлап отырмын.

Жалға алынған көлікті уақытында тіркеп, сақтандырсаң болды – ешқандай мәселе туындамауы керек. Ал егер қандай да бір проблема пайда болса, ол көлік иесінің жауапкершілігі. Маған қазір артық қиындықтың қажеті жоқ.

2025-03-02

02, Жексенбі. Кеше Трамп Америка Құрама Штаттарының ресми тілі туралы атқарушы жарлыққа қол қойыпты. Енді елдің ресми мемлекеттік тілі – ағылшын тілі. Екі-үш ай бұрын ғана бұл мемлекеттің ресми тілі жоқ екеніне таңданып едім, енді ол мәселе шешілді. Бірақ, меніңше, бұл АҚШ үшін аса жақсы қадам емес. Өйткені бұл елде Қазақстандағыдай титулды ұлт жоқ – Америка иммигранттардан құралған мемлекет. Сондықтан тіл алуандығы да сақталғаны жөн деп ойлаймын. Қызығы, біз дәл осы президенттің билік ету кезеңіне тап келдік. Жігіт тым шапшаң әрекет етуде. Осы жағдайға қарап, баяғы "бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты" деген мақал есіме түсіп отыр.

Келе сала Ақ үйдің ресми сайтынан испан тілін алып тастағаны ұнамаған еді, сөйтсем, сол қадам осының бастауы болған екен. Енді ары қарай не болар екен? АҚШ-тың ресми діні пайда бола ма?

2025-03-06

06, Бейсенбі. Америкаға келгелі бір байқағаным – BBC сияқты подкаст шығаратын компаниялардың эпизодтарында жарнамалар пайда болған немесе көбейген. Қазақстанда жүргенде көбіне тек "бұл эпизодта жарнама болуы мүмкін" деген ескертуді ғана еститін едім.

Қазір кейде жарнамалардың ұзақтығы 90 секундқа дейін жетеді. Бірақ бір жақсы жағы – енді "бұл қызмет сіздің өңірде қолжетімсіз" деген сияқты шектеулер кездеспейді. Интернет дәл қалай істеуі керек, солай істейді.

Америкаға келгелі кофе ішу күнделікті әдетке айналды. Бірақ латте, капучино емес – кәдімгі қарапайым американо.

Nespresso Vertuo Espresso Machine by DeLonghi - Red

Үйде Nespresso кофемашинасын қолданамыз. Оның pods-тары аса қымбат емес – біреуі салықты қосқанда шамамен $1-1.5 тұрады. Ал көшеден дайын кофе алсаң, ең кемі $3-5 арасында, әрі оның дәмі мен сапасы қандай болатынын бір Құдай біледі. Сондықтан үйде жасап ішкен әлдеқайда тиімді әрі дәмді.

Кофе құятын термосым бар. Таңертең үйден шыққанда соған құйып аламын да, күні бойы ішіп жүремін. Қызығы, термос температурасын өте жақсы ұстайды. Оның үстіне, кезінде бір университет сыйлаған, кофе құюға арналған ыдысым бар – соған құйып ішемін.

2025-03-09

09, Жексенбі. Бүгінде мен екі телефон ұстап жүрмін: бірі – АҚШ-та қолданатын телефон, екіншісі – Қазақстанда қолданған телефоным, ол Америкада істемейді екен. Қазір Америкадағы телефонымнан барлық әлеуметтік желілерді өшіріп тастадым.

2025-03-10

10, Дүйсенбі. Бүгін Америкаға келгелі жеке апталық табыс рекордымды діттеген нәтижеге жеткіздім! Жақында ұстана бастаған стратегиямның тиімді екенін көрсетті. Енді осы нәтижені сақтап, оны одан әрі жақсартуға тырысамын.

2025-03-30

30, Жексенбі. Мына сайтты жеке серверіме көшіріп әлекпін. Оңай іс емес екен. Енді бұл сайт бұрынғыдай "shared hosting"-де емес, ал менің жеке хостиңімде жарияланған. Интернеттегі тәуелсіздігіме бір қадам.

Мына абзацты телефоннан жарияладым. Норм ба?)

Поштамды қостым, енді ескі хаттарды көшіру керек шығар деп қоямын. А так міндетті емес.

2025-03-31

31, Дүйсенбі. Бүгін тағы бір үйге қонаққа бардық. Керемет күн болды.

Жалпы серверім жақсы істеп тұр, енді ол жерге подкастымды көшіріп бастаймын. Домены podcast.yeldar.org болады.


Мамыр

2025-05-11

11, Жексенбі. Қазір бар бос уақытымды жаңа жобама арнам жатырмын.

The Odin Project-ті жалғастырғым келіп жүр.

2025-05-26

26, Дүйсенбі. 37-ге толдым. Туған күнімде саябақта болдық.

Шілде

2025-07-07

07, Дүйсенбі. Жаңа ғана барып мен Driver license-сімді RealID жасауға, ал Роза көлік жүргізуге рұқсаты жоқ RealID-ге тапсырыс беріп келдік. Екеуіміз банктен 3 statement апардық та, 39 доллардан төледік. Енді екі-үш аптада жаңасы пошта арқылы келеді-міс.

USCIS пен USPS сайттарына кіріп мекен-жайымды Orsini 1-ге ауыстырдым.

2025-07-08

08, Сейсенбі. Соңғы екі ай Женяның 2019-шы жылғы Приусын тегін айдадым, енді ол елге оралып жатыр. Көлігін қайтарып беріп өзіме жалға жаңа көлік алмақшымын. Таптым.

Тамыз

2025-08-29

29, Жұма. Мына жақта жүріп бір парадокс нәрсеге көзім жетіп жатыр: жұмысшыға аз төлеген сайын, оол көбірек жұмыс істейді екен. Мәжбүр, өйткені жаңа жұмыс табу оңай емес. Қазақстанда жүріп үш сала ауыстырып осындайды байқамаппын.

Американдықтардың күлкісіне мәз болдым. Тұрған жерін басына көтеріп күледі. Кинода карикатура деп ойлайтынмын, рас екен. Бәрі емес, басым көпшілігі.

Айтпақшы, ағылшыным тәуір боп қалды. Алдында Breaking Bad-ті толық өз тілінде көріп шықтым. Кейдеее ғана субтитрын қостым, кейде ғана)

Қазақстанда подкаст тыңдау рахат еді, әдетте ешқандай жарнама болмайды. Мына жақта жарнама деген сұмдық, оның барлығы автоматтандырылған, сондықтан өте көп. Кейбір подкастардың басында 10-15 минут тек қана жарнама болуы мүмкін 🤪

2025-08-31

31, Сенбі. Иммиграциядағы депрессия келген сияқты.

Енді кішкене жеке, шынайы әңгіме айтайық: қазір депрессиядамын. Әлі себебін білмеймін. Ауыр. Осында шыққаным жағдайымды жеңілдеткім келген шығар деп ойлаймын. Иммиграция шынымен ауыр екен. Бұның ең терең өршіп тұрған жері мені тек қана осы жақтағы, менің жағдайымдағыдай адамдар ғана түсіне алады. Өкінішке орай басқаларға терең ашып жеткізу қиын сияқты. Тіпті психологімменде бұл жағдайды талқылауға құлқым жоқ. Көрейік енді не боларын.

Осы туралы Тредске жазып бастадым.

Қыркүйек

2025-09-01

01, Дүйсенбі. 1 bedroom пәтеріміздің ақысын төледім. Ай сайын $2556 немесе 1378388 теңге.

2025-09-08

08, Дүйсенбі. Өткен аптада пәтердің ақысын төледім: $2556 немесе қазіргі бағаммен 1378388 теңге.

2025-09-26

26, Жұма. Алдында Ағылшынша сөйлеуімнің өскенін байқағанмын, ал енді оқуым да жақсарғанын байқап жүрмін. Деңгей әдепкі жаңалық, блог, мақала дегендерді іштей аудармай-ақ оқитындай болып қалыпты.

Алдыңғы күні Coursera-дан 60 долларға 1 жылдық Plus сатып алдым. Жалпы айтарым былай: егер Америкаға гринкамен келетін болсаңыз келгенде айналысуды жоспарлап отырған сала бойынша сол салаға қатысты бірнеше сертификат алып қойыңыз. Адамдардың айтуынша жұмысқа тұрарда пайдалы болады. Енді ақырындап жазуды да дамыту керек, ал ол үшін менің білетін алғашқы қадамым ол пернетақтаға қарамай жазуды үйрену: қазір ең бастысы қатесіз жазу, кейін сан сапаға айналып, жылдамдық та өседі.

Мойындасам да, мойындамасам да бәрібір мәселе былай болып тұр: маған бағдарламалау тек өзімнің жеке қызығушылығыма ғана бола қызық. Әзірге ол салада жұмыс іздеу деген ойдан бас тартамын. Бірақ жеке жобаларымды жалғастыра беремін.

Қазан

2025-10-01

01, Сәрсенбі. Мына айдағы төлем $2422 болды - 1330917 теңге. Мына ақпарақ жалпы қызықпа сіздерге?

Бүгін жұмыстан келіп Smart & Final-дан алған қауын жеп алып, екінші серверімді жалға алдым. Осы кезге дейінгі барлық сайттарымда сонда көшіремін, бірінші серверде тек қана ProxyFeed болады. Жарты сағатта серверді баптап, yeldar.org сайтын сол жерге көшіріп те үлгендім.

2025-10-02

02, Бейсенбі. Подкастымның сайтын да жаңа серверге көшірдім.

2025-10-03

03, Жұма. Бүгін керемет күр болды: Лос-Анжелес хайуанаттар бағына бардық; одан шығып саябақта тамақтанып алдық та, Costco-дан азық-түлік алып үйге келдік. Кешке кішкене жұмыс істей қояйын десем қала тым-тырыс болып тұр. Үйге келіп, кәзір жаңа серверде жұмыс істеп, кішкене код жазып, сосын Си бойынша бірнеше сабақ өтіп қоймақшымын.

Идея: мен аптасына бірнеше өзімнің ойымша "жақсы" суреттер түсіремін. Енді соларды жариялайтын амал табуды ойлап жүрмін.

Қазіргі кезде шеше алмай жүрген тағы бір пробема ол менің подкастарымды реттестіру мәселесі. Оларды бір жерге жинап қойғым келіп жүр, мысалы archive.podcast.yeldar.org деген сияқты.

Алдыңғы аптада үйге сыммен келетін AT&T-дің интернетін өшірдім. Енді құрылғыларын апарып беру керек. Осыған дейін айына $75 төлеп келдім. Өшірген себеб: ұялы телефонның интернеті шексіз, жылдамдығы тым жықсы, интернетті таратуға шек жоқ, ал бағасы $25. Оны неге бірден өшірмегенім жұмбақ.

Ағылшын тілін жақсы-ақ түсініп бастаған екенмін онда неге әлемдік университеттердің лекцияларын тыңдап бастамасқа? Кеше ютубтан Stanford CS230 деген Deep Learning туралы курсын тыңдап бастадым. Көрейік не шығарын.

2025-10-04

04, Сенбі. Алдында жаздым ба жоқ па есімде жоқ, бірақ айтарым алдында Linkedin-нің бір жобасына қатысқанмын: оған қабылдансаң ақылы тәжірибеден өтесің, сосын жұмысқа қабылдануың әбден мүмкін. Ол үшін бақандай үш эссе жаздым. Нәтиже: өтпедім. Мен "керемет эсселерімді олар тіпті оқымаған-ау; ғажап жобамды да көрмеген шығар" деп ойлағанмын. Сөйтсем эсселерім кемінде 3 адамның оқығанын білдім. Өкінішті. Мұндайды мойындау ауыр. Амал жоқ.

Содан енді осылай болды екен деп қоя бергенше бағдарламалауды ары қарай зерттей беруге бел буып отырмын. Әрине ол туралы блогыма жазамын. Жазғанда да былай болады: не істедім, не оқыдым, не көрдім соның бәрін тізіп жазбақшымын. Олай істемесем көп нәрсе ұмытылып қалады екен. Осыған дейін мен жасаған ең басты қателік ол бастаған курстарды жарты жолдан тастап кеткенім. Қызығы сол курстарды қай жерде тастадым менің білім деңгейім шамамен сол деңгейде қалыпты. Ал мен ProxyFeed-ті жасай алатындай деңгейде тоқтаған едім. Оның ішінде шел скриптерді ЖИ-ге жаздырдым. Бұлай істеуге болады әрине, бірақ бұл менің біліміне ешқалай әсер етпеді.

Енді мен кезінде қолданған, маған керемет әсер еткен "салыстырмалы оқу" әдісіне қайта жүгінбекшімін. Осы жолы үш тіл болады: Python, JavaScript/TypeScript, C.

Мысалы, қазір мына посты оқып отырмын. Осы мәтіннің ішінде мысал ретінде айтылған From Nand to Tetris жобасы кезінде қатты ұнаған. Ол жерде сіз нөлден бастап кәдімгі компьютерді құрастырып шығасыз. Әдемі! Оған қоса курсың екі бөлімі де Coursera Plus-ке кіреді екен. Бірінші

2025-10-05

Бүгін көлікке жабысқан мынандай стикер көңілімді біраз көтеріп тастады :-)

05, Жексенбі. Бүгін жұмысқа таңғы жетіде шықтым. Жақсы екен. Кешке үйге ерте келдім.

2025-10-06

06, Дүйсенбі. Бүгін жұмысқа таңғы 6:30-да шықтым. Бүгін де кешке үйге ерте келдім. Мен қазір зерттеп жүрген нәрсе шамамен мынандай дүниелер: https://www.youtube.com/watch?v=sTu3LwpF6XI

2025-10-07

07, Сейсенбі. Бүгін үйден кеш шықтым, кеш келдім. Табыс мәз болмады. Асанбаймен сөйлестім. Мәз боп қалдық.

Парсиң жасап .kz деген 3 әріпті домендерді теріп алдым, ішінен бір тал ғана болар дегенін таңдап қойдым.

Ағылшын тілін бағдарламалау курсын өту барысында үйренуге де болады.

Айғанымға мынандай сайт жасаймын-ау деймін https://art.afsheen.info/

Оз жігіттің мына мақаласы да жақсы екен: https://ozwrites.com/3yo-reading/

Подкастиіңнің жол картасын жасап бастауға болады екен https://roadmap.sh/r/podcasting

Қараша

2025-11-04

04, Сейсенбі. YOURLS-ты өз серверіме көшірдім, енді k.yeldar.org-тағы сілтемелер қайта істеп тұр. Жалпы алғанда оңай болды.

Осы күз біресе тым қысқа, біресе тым ұзақ. Мысалы алдыңғы ай зу ете қалды, ал мына ай басталғалы "Әлі күз болып жатыр ма?" дегің келетіндей ұзақ. Окей, мүмкін бұл да жақсы шығар.

Осы айда Айғанымның түған күні. Алдыңғы айдан бері дайындалып жатырмыз.

Демалудың ең жақсы түрі ұйқы екеніне қайта көзім жетті. Қатты шаршап тұрсаңыз, жалпы демалудың ұңғайы келсе ұйықтап алу керек екен.

Қазір үшеуіміз boba шай ішуге кеттік.

2025-11-06

Мына суреттің бағасы $63. Мен жоғарыда осы суретті түсіріп тұрғанда төменде менің көлігіме айыппұл салып жатқан екен.

06, Бейсенбі. Боба-шай Айғанымға ұнамады — әзірге деп ойлаймын.

Америка тарихындағы ең ұзақ shut down-ды бастан өткеріп жатырмыз. Әзірге біздің өмірімізге еш әсер етіп жатқан жоқ. Әрі қарай осылай бола берсе, не болары белгісіз. Болжаушылар «егер мәселе шұғыл шешілмесе жағдай қиын болады» деп болжауда.

Өткен аптада апталық табыс бойынша жеке рекордымды орнаттым — шамамен $1775. Бұл жерге Doordash, Uber Eats және Dashlink-тегі ұзақ тапсырыстар мен Prop 22 бойынша төлемдер кірді. Ертең осы жұмыс туралы видео түсіруіміз мүмкін. Жалпы айтқанда, бұл өте ауыр, табысы тұрақсыз, әрі қауіпті жұмыс. Амал жоқтан істеп жүрмін. Қалай тұрақты жұмыс табамын, солай бұл жұмысты азайта бастаймын. Иә, тағы бір байқағаным — Америкада кез келген нәрсені үзілді-кесілді тастап кете алмайды екенсің. Тек мөлшерін азайтып барып, қойып кетеді екенсің.

Біздің үстіміздегі пәтердегілер түнгі 11 мен 12 арасында күресетін сияқты. Басқа уақытта тыныш. Оң жақ көршілеріміз үндістер. Бір пәтерде көөөп адам тұрады. Кейде, әдетте демалыс күндері, түнделетіп музыка қосып, жиын жасап жатады. Дуалды соқсаң, еститін болса керек, тынышталып қалады. Жалпы алғанда, көршілер жаман емес.

Өткен айдың пәтер ақысы $2430 болды.

Мексикалық әндердің аудармасын оқу бір қызық дүние екен.

Есіме түскен сайын сурет түсіріп тұрамын; бөлек альбом жасау керек еді.

2025-11-11

11, Cейсенбі. Бүкіл RSS жазылымдарымды FreshRSS арқылы орталықтандырдым. Енді мен жазылған RSS-арналар өзара 100% синхрон.

2025-11-12

12, Cәрсенбі. Google IT Support Professional Certificate деген оқуды бастап кеттім. Америкаға келерде осында бағаланатын сертификат(тар) алып келген жөн екен. Тұрақты жұмыс табуға көмектеседі-міс. Осы сертификация бойынша Technical Support Fundamentals деген курсты өтіп жатырмын.

Кеше осы мамандық бойынша екі жұмысқа резюмелерімді жібердім. Күтеміз. Жұмыстарды Craiglist деген сайт арқылы таптым.

Кеше терапевтіммен 3 сағат сөйлестім. Жай ғана Жетісу радиосы туралы басталған әңгіме Тиктоктағы Ағылшын тілді видеоларымнан ары қарай тереңге кетіп, бала кезімде алған ауыр травманы тауып алдық. Тауып алған жерде сессияны тоқтаттық. Шаршап кеттім. Бұйырса ендігі аптада жалғастырамыз.

2025-11-13

13, Бейсенбі. Айдың ортасына да жетіп қалыппыз. Күндер сұмдық тез өтіп жатыр. Бүгін ерте тұрып сабақ оқыдым да, keybr.com деген қызметте ағылшынша пернетақтаға қарамай жазып үйреніп бастадым. Бұл өте маңызды дағды.

2025-11-14

14, Жұма. Кеше ProxyFeed бойынша маңызды шешім қабылдадым, оны іске асырған соң пост жазамын.

Енді сайттарымның статистикасын серверімде орналасқан Umami арқылы бақылаймын.

keybr.com – 15 минут.

4-ші күн қатарынан ерте тұрып сабақ оқып жүрмін. Әзірге бұл мен үшін сұмдық нәтиже.

2025-11-15

15, Сенбі. Кеше жұмысқа шықпай күнібойы Proxyfeed-пен жұмыс істедім. Көп жұмыс істелді.

Бүгін ерте тұрып сабақ оқыдым. Сөйтіп курстың екінші модулін тәмәмдадым. Бұл оқу 3 сертификат алумен аяқталады деп отырмын:

Сертификат деген нәрселер әрине жақсы, бірақта басты мақсат осы жақта тұрақты жұмыс табу.

Notebooklm көмегімен өткен сабақ тақырыбы бойынша подкаст жасап, тыңдап бастадым. Бұдан не шығарын көрейік.

2025-11-16

16, Жексенбі. Мен бүгін Дүйсенбі деп ойлаппын.

Жаңа ғана Әділетпен 1 сағат бойы керемет әңгімелестік. Арыстан ЖОО, мамандық таңдап жүр екен. Арыстанға мына университетті қарап көру керек шығар дедім. Алдында Жанеркемен сөйлескендей онымен де сөйлесіп қою керек екен.

Coursera-да тағы сабақ өттім. Бүгін онша көп жаңа нәрсе естімедім, әңгіме OS туралы болды. Олардың жаңа, міндетті тапсырмаларының бірі Coach AI-мен "сөйлесу" - бұл әзірге маған керек емес. Осындай курстардың мен құптамайтын тағы бір жері - курсты жасаған компанияның қызметтерін тықпалай береді. Мысалы, бүгінгі сабақта Chrome OS туралы айтты. Ол жұмысымда не керек? Ең бастысы Mac, Linux және Windows. Не кейбір тапсырмаларды орындағанда Google Chrome броузері бірінші орында тұрады немесе "Note: The Qwiklabs user interface works best with Google Chrome." деп жазып қояды.

Енді қараңыз. Сабақтың тапсырмасын орындау үшін маған Qwiklabs-қа тіркелу керек екен. Мен қолданатын әдепкі броузеріп Firefox-пен кірсем Qwiklabs тіпті істемейді де. Сонда менде броузер таңдауы бар ма? Үшінші модульді тәмамдадым: "58% of the course is complete".

Көліктің ай сайынғы төлемі $600 жіберді.

2025-11-17

17, Дүйсенбі. Бүгін кеш тұрдым. Тамағым ауырып қалғалы үшінші күн. Түстен кейін DPSS офисіне барып ендігі жылға Medi-Cal-ды ұзарттық. Негізі бұл дүниені офистеріне бармай-ақ сайттары арқылы немесе телефон арқылы да жасай салуға болады. Бірақ барып жасау ең дұрысы. Бар мәселені сол жерде шеше саласың. Қолда бар құжаттардың бәрін апарған дұрыс. Оған қоса мен ноутымды да апарамын: анау-мынау құжаттарды жүктеу керек болса осылай ыңғайлы.

Айтпақшы Лос-Әнжілісте төртінші күн тоқтамай жаңбыр құйып тұр. Рахат.

Ауырып қалғаныма байланысты бүгін стрим болмады, таңертең Курсерадағы сабақты оқи алмадым. Қазір бастаймын. Бүгін желілірді үйрететін жаңа модуль. Курс мен ойлағаннан әлдеқайда оңай өтіп жатыр. Негізі бірталай нәрсе біледі екенмін. Модульді тез аяқтай салдым. Бүгін жаңадан үйренген нәрсем ло NAT. Кеше keybr туралы ұмытып кетіппін, бүгін тапсырманы орындап қойдым. Осы сабақтарды өтіп жүргенде SQL туралы курс тауып алдым.

2025-11-21

21, Жұма. Өткен екі күнде басымды көтере алмай ауырдым. Жұмыс, сабақ дегендер жайына қалды. Бүгін жақсы болып қалдым. Курсерадағы сабағымды қайта қолға алып, керектінің бәрін орындап шықтым. Жаңа ештеңе үйренбедім. Енді осы курстың соңғы модулі қалды.

Жалпы алғанда мен оқып жатқан сертификаттың құрылымы былай: специализация бар, мысалы мен оқып жатқан "Google IT Support Professional" деп аталады. Бұл специализация 6 курстты қамтиды. Әр курста бірнеше модуль бар. Әр модульде бірнеше бөлім бар. Әр бөлім өз ретінде бірнеше сабақтар, арнайы тапсырмалар мен тестілер бар. Сөйтіп мен бірінші курстың соңғы модуліне жеттім. Әзірге сабақ өте оңай өтіп жатыр.

2025-11-22

22, Сенбі. Кеше Technical Support Fundamentals деген курсты аяқтадым. Сертификаты міне. Енді тағы осындай 5 курсты аяқтау керек. Бүгін желілер туралы курсты бастадым. Бұл курс маған алдыңғыға қарағанда әлдеқайда қызығырақ. Мысалы, бүгін осыған дейін көп рет естіген OSI-ді тереңірек зерттедім. Әзірге L2 деңгейінде тоқтадым. Ақпарат тым көп. Әдеттегідей Гугл өзінің Learn About деген қызметін тықпалап әлек. Маған қазіргі нұсқасы ұнамады. Оданда chatgpt-мен сөйлесіп отырып түсінген ұнайды. OSI түсініп бастағандаймын. Бір сөзбен айтқанда OSI желі моделі бойынша әр құрылғы сигналды өзіне керек деңгейге дейін ғана ашады.

Кеше DPSS-тен жақсы жаңалықтар келді.

Әлі ауырып жүрмін. Жөтел мен мұрыннан су ағы тоқтап емес. CVS-тен деген дәрі алдым.

Мына Source Serif 4 қаріп қатты ұнады.

2025-11-24

24, Сейсенбі. Көлігімнің майын, фильтрлерін, алдыңғы дөңгелектерін ауыстырып, жақын жарықтарын жасаттын. Тегін, өйткені көлік жалға алынған.

2025-11-25

25, Бейсенбі. Курсерадағы сабақты жалғастырып оқып жатырмын. Сабақты оқып жүргеніме 16 күн болыпты (арасында үзілістер болды).

2025-11-26

26, Сәрсенбі. Айғаным, жаным, туған күнің құтты болсын! Мамаң екеуіміз сені қатты жақсы көреміз ❤️

Бүгінгі күн керемет өтті. Айғанымның прескулына түстен кейін дәу торт, екі дәу пицца, шырын апарып туған күнін балалармен тойладық. Сосын Глиндейлдегі AMC кинотеатрына барып Zootopia 2 мультфилмін көрдік. Сосын аралап майда-шүйде киім-кешек алдық та in-n-out-қа барып тамақтандық. Сөйтіп үйге 23:00-ге таман жеттік.

Осылай демалып келгеннен соң да Айғанымды ұйқыға жатқызып сабаққа отырдым. Желілер туралы курс маған әлдеқайда пайдалырақ болып жатыр. Бүгін бірінші модульді тәмәмдадым.

Соңғы күндері Transcribe.kz-ке тапсырыстар келіп бастады. Сөйтсем аудио жіберу форматы k.yeldar.org арқылы жасалған екен. Ал мен она алдында серверіме көшіріп, қайта қосқан едім ғо. Аудионы мәтінге айналдыру әлі де жақсы сұраныста екен.

Желтоқсан

2025-12-01

Қыс келді. Мынау осы жазбалардың жаңа форматы. Мен бұларды әдепкі блог постарынан бөліп алып Журнал деген жаңа бөлімде біріктіремін. Өткен айдың пәтен төлемі $2680 шығыпты. Масқаралау. Енді соны төлеймін деп соңғы күндері күн демей, түн демей жұмыс істеп жатырмын. Қайтадан аудио жазып бастадым.

2025-12-02

Мына мәтінді телефонға орнатылған GitHub қолданбасы арқылы жазып отырмын. Жалпы болады, бірақ керекті файлды табу ыңғайсыз екен.

Осы айда өзіме iPhone 17 PRO Max аламын деп отырмын.

Мына бриллиантты қараңыз: Beej's Guide to Learning Computer Science.

2025-12-03

Осы жолы пәтер ақшасын төлеу кішкене қиындау болып жатыр. Ертеңгісін тағы бір жұмыс істеп ақшасын пәтерге төлеймін. Одан кейін бір күн демалыс бола ма жоқ па оны көреміз. Әзірге жауап "жоқ" сияқты.

Қазір ғана пәтер ақысын төледім - $2680.

Осы блогтағы барлық сілтемелерді реттеп шықтым. Бұрын олар санаттарға тәуелді болатын, енді тікелей, қысқа жолдармен жұмыс істейді:

Бұрын Қазір
/blog/post /post
/page/about /about
/journal/note /note

Енді сайттың құрылымы немесе бөлімдері өзгерсе де, нақты файлдардың сілтемелері сол қалпында сақталады. Бұл — тұрақты, өзгермейтін URL-дер.

Қалай болғаны белгісіз, бірақ кеше мен курсерада сабақ оқымаппын. Бүгін жақсылап оқып шықтым. Бұл осы оқудағы ең бір маңызды кездердің бірі, өйткені мен кеше сабақ туралы ұмытып кеткенмін. Осындан сабаққа қайтадан оралмасам ол жайына қалады, ал егер керісінше тура қазір бұрынғыдан да көп күш салып сабақты тастамасам онда курсты аяқтайтыным жақынырақ болады. Осындай маңызды кездер талай болған.

2025-12-06

Курсерадағы оқуымды жалғастырып жатырмын. Бүгін DNS, DHCP деген сынды тақырыптарды талдадық. Курстың жеке өзіме пайдасы мол болып жатыр. Кейбір тақырыптарды тереңірек біліп жатсам, кейбірін тіпті білмеген екенмін.

Бүгін Сенбі. Жұмысқа таңғы 8-де шықтым. Жалпы алғанда тыныш. Убердер 5 мильге $6 дешен сияқты тапсырыстар келді. Оларды әрине алмайсың. Тым тиымсыз. Мақсат әдепкі: күніне таза $200-$300 табу. Таза деген жанармай, тамақ, шай-кофе дегендерді алып тастағанда деген мағынады.

Жаңа бір тапсырысты күтіп тұрғанда $15 шаш алфп беретін шаштараз көрдім. Кіріп карталарын алдым. Дүйсенбі баратын шығармын.